Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың алдында ант беріп, Қазақстан Президенті қызметіне ресми кіріскеніне бір жыл толды. Наурыз айында Президенттік лауазымды қабылдап алғаннан кейін алғашқы сұхбатын ел газетіне берген Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің басты ұстанымдары ретінде сабақтастық, әділеттілік және даму екенін айтқан еді. Сондықтан, сынға толы бұл бедерлі белесті біз «сабақтастық пен әділеттілік салтанат құрған даму жылы» болды деп бағалай аламыз.
Өткенге сәл шегініс жасасақ, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 19 наурызда жасаған тарихи мәлімдемесінде: «Ол Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеп келеді. Мен оны жақсы білемін. Ол – адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақты сезінеді. Ол барлық бағдарламаларды әзірлеуге және қабылдауға атсалысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін», деген еді. Тарихтың тегершегі айналар тұста Елбасы жасаған тағдыршешті таңдаудың дұрыс болғанын мәртебелі уақыттың өзі әділ төреші ретінде дәлелдеп берді.
Бағдарламасы көпшіліктің көңілінен шығып, көкейге көп үміт сыйлап, тартысты өткен сайлауда жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы ретінде ел дамуының басым бағыттарын айқындап, заңға сай адал қызмет етуге, жемқорлықпен күресуге, адам капиталын дамытуға, әлеуметтің әлеуетін арттыруға, ұлттық табысты әділ бөлуге, көпвекторлы сындарлы сыртқы саясатты жалғастыруға, халықтың ынтымағын басты құндылық ретінде көздің қарашығындай қорғауға және сабақтастықты сақтауға уәде берген еді. Осылайша Президент ішкі-сыртқы саясаттағы стратегиялық сабақтастықты сақтай отырып, әлеуметтің әлеуетін арттыратын әділетті қоғам қалыптастыруға батыл қадам жасады. Осы уәделерді орындау мақсатында Ұлттық сенім кеңесін құруды, Президенттің кадр резервін жасақтауды және мұғалімдер мен дәрігерлердің мәртебесін көтеруді қолға алатынын мәлімдеді. Халыққа жасаған алғашқы Жолдауында да берген уәдеге болаттай берік екенін байқатты.
Бір жыл – баға беру үшін қысқа уақыт болғанымен, атқарылған қыруар істер арқылы қоғам Мемлекет басшысының тұғырнамасы биік, тізгіні берік, тоқымы мықты табанды тұлға екенін анық аңғарды. Осы жылдың ішінде мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту мақсатында азаматтардың өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы іске аса бастады. Жұртшылықтың жалақысы көбейіп, зейнетақы мен жәрдемақы көлемі ұлғайды, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың несиелері кешіріліп, көрсетілген атаулы әлеуметтік көмек пен қосымша қолдаулар арқылы кедейшілік деңгейіндегі елдің еңсесі көтерілді. Ұлттық кеңес құрылып, қоғамды алаңдатып жүрген көптеген көкейкесті мәселеге қатысты нақты ұсыныстар әзірленді. Соның нәтижесінде саяси жүйені реформалау жөнінде бірнеше заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Әлеуметтік әділеттілік қағидатына баса мән берілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейіп, бірінші басшының жауапкершілігі заңнамалық тұрғыда бекіді. Кадрлық резерв жасақталып, білікті, білімді жас мамандар мемлекеттік қызметке тартылды. Сыртқы саясаттың жаңа тұжырымдамасы бекітілді. Алпауыт мемлекеттерге ресми сапарлармен барып, сенімді серіктестік шеңбері шегелене түсті. Халықаралық ынтымақтастықта ұлттық мүдде мен тәуелсіздіктің басты құндылық екені баса айтылды. Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі екеніне назар аударылды. Абай мен Фараби жылында ел руханиятына қатысты елеулі жобалар қолға алынды. Жер сатылмайтын болды, қымбат жобалар тоқтатылды. Білім-ғылымға, әсіресе, денсаулық сақтау саласына баса мән берілді.
Әрине, бір жылдың бедерінде атқарылған жүйелі істерді осылай тізбелей беруге болады. Айтуға ғана жеңіл бұл игі бастамалардың барлығы Арыстағы алапат жарылыс, Қордайдағы жаппай тәртіпсіздік, табиғи апат, мұнай бағасының құлдырауы, жаһандық қаржылық қиындық, жер дүниені жайлап, талай мемлекетті тығырыққа тіреген індет сияқты қолды байлайтын күрмеуі қиын күрделі кезеңінде іске асырылғаны да белгілі. Ең бастысы, Президент осы сынақты жұртпен бірге тапсырып, елмен бірге шыңдалды.
Ел Президенті қызметіне кірісер тұста Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен сенімге серт беріп, үлкен үміттің үдесінен шығу үшін бар қажыр-қайратымды жұмсаймын!» деген еді. Сондықтан Елбасының сенімге серт берген серігі, сындарлы жылда сыннан сүрінбей өткен саңлақ саясаткер, бірнеше тілді жетік білетін интеллектуал, әділеттің ақ жолынан айнымаған, аманат арқалаған тегеурінді тұлғаның елімізді биік белестерге бастап, дамудың даңғыл жолында сабақтастықтың салтанат құрарына бек сенімдіміз.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ
Дереккөз: "Егемен Қазақстан"