Байден АҚШ-ның сыртқы саясатын өзгерте ме?

Уақыты: 2020-11-08 Көрлімі: 1315 Сипаттама

2020 жылдың 7 қарашасында 1942 жылы Пенсильвания штатында дүние есігін ашқан 77 жастағы...

         756048013848695.jpg

2020 жылдың 7 қарашасында 1942 жылы Пенсильвания штатында дүние есігін ашқан 77 жастағы Joseph Robinette Biden Jr өзінің туған күніне екі апта қалғанда (20 қараша) АҚШ-ның 46 президенті болып сайланды. Ол АҚШ тарихындағы президенттік тартысқа түскен ең егде үміткер. Оның қазірге дейінгі жинаған дауысы (74млн., бақталасы Трамптан 4 млн. дауысқа артық) тарихтағы ең көп дауыс саналып отыр. Ол және АҚШ тариқындағы ең жас сенатор (1972 жылы). Демек, Байденнің саясатқа келгеніне жарты ғасырға жуықтады деген сөз. Оның тұңғыш мәрте президенттік сайламға түскенінен бері де 33 жыл (1987 жыл) өтіпті. Ол жолы өзінің арғы аталарының пенсильвания штатындағы көмір кені жұмысшылары болғандығына байланысты өмірде өздеріне тиесілі биікке көтеріле алмағандығын айтамын деп, аузынан жаңылып, сайламнан шығып қалған-ды. Өйткені қарсыластары оның тегінде көмір кеніне байланысты ешкімнің жоқтығын анықтап шығады. Соңынан көп жылдар бойы сенатта қызмет атқарған Байден 2008 жылы тағы да президенттік бағын сынайды. Бұл ретте де саяси қолдаудың жеткіліксіздігінен сайламнан шығып кетеді, бірақ Обаманың командасына кіреді. 2009-2017 жылдары Обама өкіметінде вице-президент лауазымында болады.

Осы күндері еліміз тұрғындарының АҚШ-ның президенттік сайламын өзіміздегі “ет үйренген сайламдардан” да жіті қадағалап отырғаны бар. Басты назар Трамп кеткеннен кейін АҚШ-ның сыртқы саясатында, өте-мөте құрама штаттардың Қытаймен арақатынасында болуы ықтимал өзгерістерде. Трамптың 2016 жылы жеңіске жетуі оның “Америкалық мүддені” алдыға шығаруында болды. АҚШ-да бәсекелес екі партияның да, саяси элита мен қарапайым жұрттың да, бизнес қауымдастық пен тұтынушы тұрғындардың да бір пікірге ˗  Қытайдың ықпалына наразылық пен оны тосуға деген ынтаға бірігуі Трампты сайлау және оның тиісті саясатын қолдауға алып келді. Кезекті сайлам додасында да Трамптың Қытайды жалғасты тұқыртатын шараларды күшейтетін уәделерге ден қоюы мен Байденнің Трамптың қытайға “қатаңдығының жетпей жатқандығын” жазғыруы жарысқа түскен-ді. Осылардан-ақ АҚШ-ның сыртқы саясатында айтақалсын бетбұрыстар бола қоюы екіталайлығын тұжырымдауға болады. Десе де Байденнің саясаты Трампқа қарағанда орнықты да тиянақты ыңғайға көшуі мүмкін. Трамптың саясаты кескіндігі мен табандылығы, эффектілігімен бірге, тосындығы және кейбірдегі бәтуәсіз шалттығымен де есте қалды. Таза бизнестен бір-ақ додада саясатқа келген Трамппен салыстырғанда Байден кәнігі саясаткер. Ол саяси өмірінде сенаттың сыртқы қатынастар комитетінің басшылығына дейін көтерілген. Өзінің айтысынша, “45 жылда мемлекет басшыларының бәрімен дерлік дидарласқан” тұлға. АҚШ-ның “8 президентімен таныс, оның үшеуімен жақын өткен” адам. Обама өкіметінде болған кешірмелері оның дипломатиялық бағытына әсер етпей қалмайды. Осы жөннен алғанда оның сыртқы саясатының кейбір бағыттары мен тұстары Обама дәуіріндегі қалыпқа қайталай соғуы да ықтимал. Соның ішінде Байденнің Қытайлық саясаты, толықтай болмаса да, Обамалық әуенге оралуы кәдік. Қытайдың “Қытай реформасы-2035” сайтының таныстыруынша Байденнің Қытай мәселелері кеңесшілерінің барлығы Antony Blinken, Susan Rise, Samantha Power, Kurt Campbell сынды Обама өкіметінің қытаймен арақатынасын реттеуге қызмет еткен ақылмандар екен.

Қысқасы, әлемде жаһандану үдерісі сынға түсіп, жеке мемлекеттер мүддесі қайта талқыланып, поулизм бас көтеріп жатқан алмағайып тұста, АҚШ мүддесі де америка халқының ең көңіл бөлер тақырыбына айланғаны сөзсіз. Осы талапқа жауап беруге талпынған Трамп дипломатиясы түбегейлі жоққа шығарылмаса керек. Дегенмен, Байден елдің дипломатиялық ауанын қоңырсалқын байызды қалыпқа бейімдеуге қызмет жасауы мүмкін.

Құрмет ҚАБЫЛҒАЗЫҰЛЫ

Jebeu.kz

 

 


Пікір жазу
  • Қазақстан қазан айында 860 мың тоннадан астам астық пен ұн экспорттады
    Тоқаев: Латын әліпбиін енгізу жұмысы біртіндеп жүзеге асуы керек