Зардыхан Қинаятұлы. Бостандықтың боз таңы

Уақыты: 2018-12-03 Көрлімі: 1479 Сипаттама

(Тәуелсіздік толғауы)Егер өткен тарихтан сыр ақтарар болса, бұл даланың тауы күрсініп,...

(Тәуелсіздік толғауы)

20161123161147.jpg

Егер өткен тарихтан сыр ақтарар болса, бұл даланың тауы күрсініп, талы шулап, қайғы-мүңнан қара тасы кақ айырылар еді. Не көрмеген бұл дала, не көрмеген бұл қазақ.

Даласын жауынан, түлік малын жұт-жұрқыннан, нәсіл-тегін қан кешкен қақтығыстардан сақтап қалу үшін көк ұлдары аттың жалы, түйенің қомында батыстан шығысқа, шығыстан батысқа үдере көшумен болды. Қай этнос, кайсы топтан болмасын, көшпенділер ішінде қазақ даласын басып өтпегені, сонда аялдап ат арқасын суытпаған бірі де жоқ. Шұрайлы қазақ даласы олардың пана тұтар тұрағы, жаны жай табар пырағы болды. 23-25 ғасырлық тарихы белгілі бұл далада оннан аса ерте феодалдық ұлыс елдер (Сақ, Үйсін, Қаңлы, Батыс түрік, Түркеш, Карлұқ, Алан, Қарахан, Қимақ, Кыпшақ, Батыс Ляо) шаңырақ көтерді. Шығысынан Найман, Кереит, Жалайыр, Меркіт, Қоңыраттар келіп қосылды. Көпшілігінің өз ханы болды. В.Бартольдтың айтуынша, ерте көшпенділер үшін өз ханы болу деген ел болғанының басты сипаты. Бірақ, олардың әрқайсысы қытымыр тарихтың ауыр жүгін ұзақ арқалай алмады: бірі сырт жауынан, бірі өзара ішкі қақтығыс салдарынан елдігінен айрылғанымен әрқайсысы қазақ тарихында елеулі із қалдырды.

ХІІ-ХІІІ ғасырда қазақ даласында Қыпшақ саяси бірлігінің ықпалында келешек Қазақ елінің басын құраған ұлыс тайпалар ел болып бас қосып, ұлт болып үйып келе жатқан шағында шығысынан Шыңғыс хан бастаған моңғолдар шапты. Қазақ-кыпшақ даласында тұтқиылдан келген бұл сұрапыл оқиға тарихта ағы мен қарасы аралас екі жақты рөл атқарды. Бір жағынан қазақ даласында қалыптасқан өркениеттің көптеген жетістіктерін тып-типыл етіп, қалың халықты қырғынға ұшыратты. Әрине, бұл моңғол шапқыншылығының қаралы жағы. Екінші жағынан, әскери-феодалдық мемлекет үрдіс  салтын аударып әкеліп, қазақ-қыпшақ даласында үдере көшіп-қонып, бет-бетімен кеткен халықтың басын біріктіріп, орталықтанған дала мемлекетін құрды. Бұл Көк Ертістен Дунайға дейінгі алып сахараға иелік құрған Жошы ұлысы (Қыпшақ хандығы) еді. Жошы билігі қазақ-қыпшақ даласына елдіктің өзіндік бет-бедері  бар ортағасырлық нышандарын әкелді. Ел ордасын құрып, арланның белгісі бар ақ ту, ақ айғырдың жалынан түйген тоғыз тұғырлы шашақ туын бетке ұстап, қозы жауырын жебесін қолына алып әскері атқа қонды, әлемнің әр түкпірінен елшілер қабылдап, қарымта елші-жаушыларын аттандырды. Ел шекарасын әйгілеп шекара әскері және орда гвардиясын жасақтады. Қарамағындағы елдер аймақтарға «басқақ» (бастық), «даруга» (әкім) аттандырып, алым-салық жинады. Алтын күмістен теңге соқтырып, оны сақтайтын қойма – банк жүйесін өмірге әкелді.

1225 жылы әуелі Көк Ертістің бойы, Алакөлдің аңғарында Жошы-Қыпшақ ұлысының бас ордасы – Ақ Орда шаңырақ көтерді. Ақ Орда айналасында келешек «қазақ» тобы, оның этноаумағы, этномәдениеті, мемлекеттік үрдіс салты қалыптасты. Бұл Қазақ мемлекеттігінің шынайы бастауы еді. Сөйтіп біз Ақ Орданы Қазақ мемлкеттігінің бастау көзі десек, Ақ Орда мен 1991 жылы көк тулы жаңа Қазақстан Республикасын дүйім дүниеге паш етудің аралығында аттай 764 жыл жатыр.

Осынау сегіз ғасырға жуық уақытта қазақ елдіктің тәтті дәмін де, бөгдеге басы байлаулы болудың қайғы-қасіретін де бір кісідей-ақ тартты. Елдігімізді сақтау жолында қаншама қан төгілді, қаншама арғымақ ұрыс даласынан шылбырын сүйретіп бос қайтты. «Жау келе жатыр» дегенде жылаған бала уанып, қаралы аналардың жылаған көзінің жасына етегі толған жылдар қаншама еді. Қазақ даласын әуелі Темір, одан Әбілқайыр шапты. Керей мен Жәнібек 1465 жылы Ақ Орданың құлаған шаңырағын қайта көтеріп, Қазақ мемлекетін құрды. Бірақ жауларымыз қазаққа еңсе көтеруге мұрша бермеді. Әуелі Шайбани әулеті, одан Мауереннахр билеушілері, соңынан бір бүйірінен Жоңғар шауып, батысынан дала өртіндей қаулап келе жатқан орыс қысты. Халқын соңынан ерткен ер Касым, Ақназар (Хақназар) және Абылай ханның тұсында қазақ ерленді.

Жәнібек, Керейден бастап Кенесарыға дейінгі қазақ хандары қарап жатпады. Барлығы да елінің тәуелсіздігі мен халқының тыныштығы үшін қажымай-талмай күресті. Бірақ жауымыз көп еді. «Жау жағадан жармасқанда бас-басына би болып, бөрі етектен алған тұстар аз болған жоқ. Осының салдарынан әуелі патшалық Ресей, одан қызыл Мәскеуге 260 жыл бодан болдық. Бас билігің жоқ болса, асқазаныңның тоқтығынан не пайда! Бодандықтың дәмі тым ащы болды. Бара-бара елдігімізден айырылып, қазақ даласы Ресейдің бір тұйық бұрышына айналды. Біз Ресей билігі тұсында қазақтың қарасы хат танып, даласына қала салынып, тарам-тарам жол, тарау-тарау өндірістер өмірге келгенін жоққа шығармаймыз. «Өркенге» келсек, ХІХ-ХХ ғасыр тоғысында қазіргі индустриалдық Жапония мен Кореяның бізден асып тұрған ештеңесі жоқ еді. Жапонға да, қазақ даласына да батыс капиталы мен жәрмеңкелері жылжып келе жатты. 1917 жылдары басталған большевиктік саясат Батыстың Қазақстанға келер жолын кесіп тастады. Сөйтіп «үлкен үйдің кіші отауына» айналып «кәмөнизм шыңына жолдама алған» біз бүгін қайда жүрміз? Ал өз еркімен кеткен Жапония қай деңгейде жұр? Мен мұнда «өркен» дегеннен гөрі елімнің, ұлтымның бас бостандығының құны жайлы ой толғағым келеді. Мен шет елде туып, шетте өскен, өз ұлтыңмен болудың қасиетін сағыныштан сезінген жанмын. Әсіре шетқақпай көрмегеніммен, бөгдеге басың байлаулы жүріп «бақытты болу» дегенді өз басым көрмеген екенмін. 

Ал нағыз бодандықта жүргендердің көрген қасіретіне айтып сөз жетер ме? Соның ішінен ең бір елеулілерін тізіп көрелік, Әуелі өзімізді өзіміз билеуден қалдық, биліктің тізгінін әуелі Петерборда, онан Мәскеуде ұстады. Кремльдің төбесіне бұлт үйірілсе, Алматы, Ташкент, Бакуде нөсер құйды. Кремль қожалары түшкірінсе, аймақтағылардың ыстығы көтеріліп, қайсыбірінің миына қан құйылды. Егер демографтар шын айтса, 1990 жылға дейін қазақ даласына 7,6 млн. жат жұрт өкілдері қоныс аударып, қазақтардың саны (өсім есебімен) 70 пайызға дейін кеміді. Қазақ халқының 18 пайызы атажұртта болған саяси қуғын-сүргіннің салдарынан шет елдерге қоныс аударды. Сөйтіп қазақ өз жерінде азшылыққа ұшырап, дініміз жойылып, тіл, діл, мәдениет, салт-санамыз, тіптен ахуал-тіршілігіміздің өзі жатқа айналып бара жатты. Мұндай саяси-этнографиялық ахуал енді бір 50 жылға жалғасса, қазақ даласында аты ғана қазақ, ал заты «қара көзді дөңгелек бетті» неославяндар пайда болған болар еді.

Елдіктен айырылу мұндай халге ұшырататынын қазақтың хандары мен зиялылары ерте-ақ сезді. Тек соңғы 200-ден аса жылда қазақ халқы бодандыққа қарсы 300-ден аса рет бас көтеріпті. Оған казақтың ханы да, қарасы да, баласы да қатысты. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы шын мәнінде қазақтың ұлт тәуелсіздігі үшін ең соңғы тұяқ серпуі еді. Қазақ жастарының Желтоқсан көтерілісі онсыз да саяси қаңқасы ғана қалған Кеңес  империясының шаңырағы ортасына түсуіне елеулі  үлес  қосты. 

 Бүгін қайсыбіреулердің айтып жүргеніндей, тәуелсіздік бізге аспаннан түскен жоқ, қажырлы күреспен келді. Қанды желтоқсан көтерілісі  оның  соңғы  куәсі.   Келген тәуелсіздікті қорғап қалу, оны өміршең ету ел басында отырған азаматтардан үлкен саяси алғырлық, көрегендік және қажыр-қайраттылық талап етті. Тәуелсіздік әуелі сол азаматтардың басына түскен сын еді. Талай елдердің басшылары бұл уақыт талабына сай жауап бере алмады. Халқы қиямет шегіп, елдік дегеннен аты ғана қалған елдерді де білеміз.   Біздің   Қазақстан үшін бұл жауапкершіліктің салмақ тасы тіптен ауыр еді. Олай болуы еліміздің геосаяси жағдайы, ұлттық құрамының ала-құлалығы, экономика, қоғамдық психология жағынан Ресейге басымыздың байлаулылығымен айқындалады.

Қарапайым қазақ азаматы ретінде ел өмірінің өткір де өтпелі кезеңінде билікте Нұрсүлтан Назарбаевтай қырағы да табанды саясаткердің болуы Қазақстан халқының бағы деп санаймын. Иә, өмір бойы бір сәт шалыс басып көрмеген кім бар. Әр кезеңдерде өз елдерінде ұлт аталары атанған Мұстафа Кемал (Ататүрік), IПетр, Де Голль, Трумэннің де әттеген-ай деген түстары болғанын білеміз. Біздің президенттің іс-әрекеттерінде ойландыратын тұстары байқалып қалады. Бірақ, ел  тағдырын  шешетін  күрделі мәселелерде оның қадамы әзірге нық. Біздің қазақ сияқты жұтылып кете жаздаған жұрттын, ұтылып келген ұлттың ұпайын түгендеп, асығын алшысынан қою екінің бірінің қолынан келетін шаруа емес. Мұншалық салмақты міндет тағдыр пешенесіне жазған жанға ғана жүктелді. Президент ел-жұрты үшін бәріне де жауапты болатыны, міне, сондықтан. Әрине, ел болғасын халықаралық қауымдастыққа мүше болу, шет елдермен жан-жақты қарым-қатынастар орнату, заң қабылдау, қаржы-қаражатқа байланысты түрлі шаралар ел басында кім тұрса да шешіліп жататын үйреншікті мәселелер. Ал біздің Қазақстан сияқты ел боламыз деп жығылып тұрып, алға ұмтылған ел үшін кейде нар тәуекелге басқан ширақ қадамдар жасауға тура келеді. Бұл әрі халыққа, әрі Елбасына сын. Мұндайда егер Елбасының ақыл-парасаты мен қайсар-қажырлылығы жетсе, еліңді нағыз ел етеді, ал жетпесе жер етеді. Біз әзірге әйтеуір саяси көкпардан ұпайымыз түгел шығып келеміз. Бостандықтың он жылында жүз жылдарға татитын қадамдар жасалуда (мұнда президенттің 2001 жылға дейінгі қадамдары туралы сөз болып отыр, авт.). Мен солардың қатарына әуелі төмендегі қадамдарды жатқызар едім.

Біріншіден, саяси дүрбелең, аттан, аласапырансыз ел тәуелсіздігін дүйім дүниеге паш етіп Конституция өмірге келді. Елдіктің басты нышандары айқындалды. Айталық кешегі қызыл Қазақстан жағдайьнда бұынғы қан қызыл жалауды – тәңірлі көкбайраққа алмастыру, қазақ тілін мемлекеттік тіл етіп тұрақтандыру оңай іс пе еді? 1990-1991 жылдары тәуелсіздікке қол жеткізген кейбір елдерде бұл қадам жарты-шарқы жасалғандықтан, бүгін өткенге айналып соғуға мәжбүр болып отыр. Кейбір елде келмеске кеткен жүйенің рәміздері қайта жанданып, қайсыбірі бұрынғы одаққа қайта сұрануда. Бізде жасалған қадам нық, тек халық болып қабылдаған Конституция, елдің қалыптаса бастаған рәміздерін әлсін-әлсін өзгерте бермесек болғаны!.

Екіншіден, Абылай хан бабаның үш арманы орындалды: Астанамыз әйгіленді, шекара, ішкі әскер және әскери басқадай нышандарды бауырына сыйғызған Ұлттық армия құрылды, тәуелсіздік туы астында халқымыздың басы қосылды, біз бүгін ал-құласы жоқ Қазақ деген біртұтас халықпыз.

Үшіншіден, елдіктің басты нышанының бірі – төл теңгеміз өмірге келіп, ұлттық банк жүйесі қалыптасты.

Төртіншіден, Ел ордасын Астанаға көшіру арқылы геосаясаттық және этнотерриториялық жағдайды ретке келтіре бастадық. Қайсыбір елдерде бір ордасын ретке келтіруге мұрша, мүмкіндік жасай алмай отырған мына заманда жаңа орда құру деген қажырлының қажырлысының ғана қолынан келетін іс және казақтың жаңа тарихындағы күрделі құбылыс.

Бесіншіден, облыстарды аймақтастыру арқылы облыстардың ішкі этноқұрамдық арасалмағын тұрақтандыруға бағытталған игі қадам жасалды.

Алтыншыдан, қайсыбір елдер «өз қолы өз аузына жетпей», өз қандастарын шекарада бақан ала қуып жатқан мына заманда, шет елдегі қазақ көшінің ата жұртқа бұрылуына мүмкіндік тудыру – ол да ерліктің белгісі. Осы бетбұрыстың арқасында ұлтымыздың этноқұрамы, ұлттық салт-дәстүр, тіл, мәдениетімізге елеулі өзгерістер келе бастады.

Жетіншіден, бір жердің суын ішіп, бір елдің отын оттаған қырық құрау ұлт өкілдерінің басын қосып ынтымақтастықта ұстау – ол да сындарлы саясаттың жемісі, еліміздің өсіп-өнуінің бір алғы шарты.

Сегізіншіден, Америка Құрама Штаттары, Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Ұлыбритания, Франция республикасынан еліміздің қауіпсіздігі туралы кепілдік алу – ол да еліміздің келешегі ұшін  жасалған  ірі қадамдарымыздың бірі.

Тоғызыншыдан, тарихымызды жаңғырту арқылы, өлгенімізді тірілітіп, өшкенімізді жандырып, үзілгенімізді жалғап жатырмыз. Ұлтын сүйген Президент қана мұндай қадамға бара алады. Түркістанды жаңғырттык, Бейбарыстан Ясауи, Абайдан Жамбыл, Абылайдан Кенесарыға дейінгі алыптарымыздың аты аталып, атақ даңқы шартарапқа кетті. Ғасыр тұлғаларын қастерлеп, ақыл парасатынан тағылым алып жатырмыз. Ертең-ақ Орысхан, Тоқтамыс, Хақназар, Жәнібекпен - Керейдің де атын атап, абыройын асыратын боламыз. Осындайда ақын Жұбан Молдағалиевтің:

О, замандас, соларға бір қараңыз:

Әр кірпіші, әр тасы бір қора аңыз.

Өлгендерді тірілтіп, өмірлі етіп,

Өшкендерді табатын бір ғана біз,

деген өлең жолдары еске түседі, жаның жай тауып, көңілің жайсаң тартады. Іске сәт дейміз. Жоғарыда аталғандардың барлығы жас мемлекетіміз, қаз-қаз басып келе жатқан ұлтымыз, ұлт тағдырын мойнына алған президентіміздің тарихи өмірбаянынан ойып орын алатын оқиғалар.   

Сөйтіп еліміздің іргетасы кайта қаланып, ұлтымыздың бесігін түзеу үшін ат жалында жанталаспен өткізген он жыл артта қалып барады. Көптеген игі істер атқарылды. Қазақстанның көк аспанында көк туымыз желбіреп, қазақ деген халық, Қазақстан деген елдің бар екендігін әлем жұрты мойындады. Оғанда шүкіршілік.                          

Бірақ үш ғасыырға жуық алып империяның боданында болған елді тәуелсіз ел етіп, империялық идеологиядан миы қызарған жұртты жаңа мемлекеттің азаматы етіп қалыптастыру оңай шаруа емес. Алда шешімін күтіп тұрған мәселелер аз емес.  Мысалы: Ел болудың дәмін татып көрмеген ұрпақ елдікке қашан мойын ұсынады, ұлтымыз ұлт бола алмай жатып ана желеу, мына желеумен бөгденің жоғын жоқтайтын ағайындардың көкірегіне ұлттық сәуле қашан ұяламақ, қайсыбір ұлт қан кешіп тәуелсіздікке қол жеткізе алмай жүрсе «маған егемендігің емес, нан керек» деп тұрған қазақтан қандай үміт күтуге болады? Кешегі кеңестік психология әлі тірі, «кеңес», «одақ» деген сөз естілсе, елеңдеп тоқтай алмай тұрады, қазақ тілінің бүгінгі халі мынау, экономиканың көптеген тетіктері бір Ресейге басы байлаулы. «Үйірін қайырып үйренген айғыр мінезді» Ресей шекарадағы ана жау, мына жаумен үркітіп, бұрынғы Одақ шекарасын қайта қымтап алуға ұмтылуда. Қазақстан бұл саясаттың иек асты, оңтайлы тұсында тұр. Ішімізде ол саясатты қолдайтын топтар жеткілікті. Кейде мен осы сауалдар төңірегінде жауап таппай тарыққанда аруаққа, Абылайгға жүгініп: «О қадірменді хан ием, аруағыңа бас ием. Тағдырдың жебеуімен ел болдық. Халық қалаған президентіміз бар, үш арманыңды орындадық. Еңсеміз биіктеді, бірақ тәуелсіздігіміздің келешегіне жан жақтан төнетін қауіп, қатер бар. Осыған айтатын нендей ақыл айлаңыз бар, хан ием, құзырыңызға құлдық, құлағымыз сізде», дегім келеді.

Сонда көреген Абылай былай дер ме еді, қайтер еді:

Ей, менің сүйікті ұрпағым! Сендер тұрғанда бізге өлу жоқ екен, біз жетпеген межеге сендер жеттіңдер. Рас, үш арманым орындалды. Ол үшін қазақ деген халқыма, Нұрсұлтандай ұлыма дән ризамын. Тағдыр қазаққа жерді мықтап берді, көршіні де мықтыдан берді. Кезінде мен де олармен жауласпай, төтеп беруге тырысқанмын. Бірақ, сиырдың бүйрегіндей жырым-жырым болған халқым бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара алмады. Сонда мен бет бұрғанын ақылмен, бет бұрмағанын қамшымен біріктірдім. Көзімнің тірісінде еш қысымға дес бермедім, ұрпағым әлсіз болды, береке-бірліксіздігінен елдіктен айырылды. Бүгін заман бөлек, заң бар, халықаралық қауым бар. Тек береке-бірлігің болса бөгдеге дес бермессің-ау! Нұрсұлтан ұлым, қажырлығыңа, пәктігіңе сенемін. Көршілеріңмен елдестігің жарасып тұр. Бірақ, ішкі есебіңе берік бол. Өз ұлтыңның топ тізгінін тең ұста, бәрі де өз бауырың. Орыстан алыс кетпегенің дұрыс. Оны кезінде мен де ойлағанмын. Бірақ шамаңның келгенінше басыңды бір орыспен емес, көппен байлағайсың. Еліңнің тағдырына қуатты әсер ете алатын айбарлы елдерді бір-бірінен бөліп-жармай, таразы басын тең ұстағын! Қайсібірін етене бауырыңа тартсаң, басқасы ренжиді. Ал етене жақын тартқан біреуің ішіңе кіріп алып: «Есіктен кіріп төр менікі, қораңнан кіріп қой менікі» деп жүруі мүмкін.

Түркі жұртына жақын бол, қанша дегенмен ол өз тегің. Ислам жұртына үрке қарамағын, керісінше парасатынан тәлім алуға тырысып баққайсың. Егер Өзбек, Қырғыз, Тәжікпен шекараңды мықты ұстасаң, Ауғанстаннан саған келер қауіп жоқ. Жау жоқта өзіңе алыстан жау шақырмағайсың.

Әттең, еліңнің ел болуына ұлттық тіл мәселесі бетіне таңба болып тұрғаны-ай. Мұндай халге жеткенің үшін сендердің алдарыңдағы аға ұрпақтың да кінәсі бар.  Қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялағаның дұрыс-ақ іс болды. Өйткені «Қағани тіл, билеуші (ұйытқы) тайпаның тілі басым тіл болмақ». Ғүламалардан қалған өсиет солай. Тек қазақ баласы ғана емес, казақ жерінің отын оттап, суын ішкен әрбір азамат мемлекеттік тілді білуі шарт. Ол үшін қажеттілік тудыру жөн-ақ. Мұндай қажеттілікті төменнен күтіп уақыт алдырмағайсың, өз маңыңнан, жоғарыдан туып жатса игі. Қарағым Нұрсұлтан, халқың бір өзіңе сенеді екен. Ол жақсы нышан. Адалды ақтап, білімдіні пір тұта білсең, бәрі де орнына келеді. Әйгілі Білге қаған бабаңның тасқа ойып жазып  қалдырған мына сөзін жадыңда ұста, ордаңның маңдайшасына жазып қойсаң да артық болмайды. Онда бүй депті: «Бумын бабам ақылды, ержүрек қаған болыпты. Оның төрелерінің ақылы  мен парасаты тең, бектері де халқы да адал болғандықтан, елін ел етіп, бөгдеге дес бермей, ұзақ жасапты».

Қазағымды көкте тәңірі, төменде қара жер жарылқап, ел болғалы бері он жыл өтіп барады екен. Әйтеуір, есіңді жиып қалдың, бірақ бөркіңді аспанға атуға әлі ерте. Ұлы көршілеріңнің жүрегі жалғанған сайын сенің де жүгің ауырлайтын болады. Сондағы   негізгі сүйенерің өз халқың, амал нешік, әзірге қысқа жіп күрмеуге келмей жатқан жайың бар. Әсіресе, ауылдағы казақтың жағдайы әлі де оңалмай тұрғаны-ай. Соларға бір жағдай жасағайсың! Бірақ та біздің қазақ әлі де мырза тұрыс, ит жатыс, тобыршылдық, тойшылдық мінезінен айықпай жатыр деп естимін. Халқың еңбек құмар, елгезек болса ғана ұлтыңның бағы жанбақ».

Қадірменді хан ием, бүйтпесең Бүқар-жыраудай сыншыдан:

«...Дүниеден шықпай мініңіз,

Алтын тақтың үстінде,

Үш жүздің басын құрадың.

Жетім менен жесірге

Ешбір жаман қылмадың.

Әдепті іске кірдіңіз,

Әділдікпен жүрдіңіз», деп бата алған Абылай боласың ба!

Бұған да шүкіршілік, тәуелсіздіктің арқасында елімізге құт қонып, ырыс үйіріліп, ортаға үлкен сыбаға түсіп тұр. Төле би бабам айтқандай, тек қолға қонған бақыт құсын үркітіп алмай, жұмыла кірісіп, кеңесіп шешіп, елдіктің тұғырына әрбір азамат құс болып қона білсе ел болғанымыз сол.

Тәубе-тәубе! Көк туым көк тәңірім менің, мәңгі желбірей бер!

 

Дереккөз: «Егемен қазақстан» газеті, 2001 ж, 28 сәуір.

Jebeu.kz



Пікір жазу
  • Бекмахановты қудалауға кім себеп болды?
    Айбынды Алаш әскері (Орыс офицерлері жазып қалдырған деректерге шолу)