Бүгін, 12 сәуір Әл-Фарби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің пофессоры, тарих ғылымдарының докторы, «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының» директоры Нәбижан Мұқаметқанұлы 65 жасқа толып отыр.
Нәбижан Мұқаметханұлы 1954 жылы 12 сәуірде қазіргі ҚХР-дың ШҰАР Іле Қазақ автономиялы облысы Тоғызтарау ауданы Мұқыр ауылында дүниеге келген. 1977 жылы Қытайдың Гуаньчжоу қаласындағы мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын Іле Қазақ автономиялық облысындағы үгіт-насихат бөлімінде бастады. ҚХР Шыңжаң қоғамдық ғылым академиясы Орталық Азия зерттеу институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, директордың орынбасары (1981 – 93) болды. 1993 жылы Қазақстанға оралып, 1995 жылы 21 сәуірде академик Манаш Қозыбаевтың жетекшілігімен Ұлттық Ғылым Академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және Этнология институты жанындағы ғылыми кеңесте «Қазақ-Қытай қарым-қатынастарының даму тарихы /ХVІІ-ХХ ғасырлар аралығында/» атты тақырыпта тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғады. 2001 жылы 28 желтоқсанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы кеңесте «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы(1860-1920)» атты тақырыппен тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін қорғады.
Нәбижан Мұқаметханұлы 1993-1997 жылдары Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қарым-қатынастар және әлем тілдері университетінде қазақ тобына жапон тілінен курс ашып дәріс оқыды. 2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің деканы профессор Мәмбет Қойгелдінің шақыртуымен доцент, профессор, кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарды. 2007 жылы қыркүйектен бері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетіне ауысып, қазірге дейін сонда профессор болып жұмыс істейді. 2012 жылдан бері университет жанынан құрылған «Қазіргі заман қытай зерттеу орталығының» директоры міндетін атқарады.
Қазірге дейін 270-тен астам ғылыми және теориялық, танымдық еңбектердің, 6 Республикалық Ғылыми Зерттеу жобасына қатынасып, ұжымдық ғылыми монографиялар жазды. 13 ғылыми монографиялар мен оқу құралдарының авторы. Төрт ғылым кандидатын, 2 ғылым докторы (PhD), 60-тан астам магистр тәрбиелеп қатарға қосты. Тәуелсіз елдің ғалымы ретінде Нәбижан Мұқаметханұлы 2007 жылы Пекинде өткен дүниежүзі тарихшылар ассоциациясының конгресіне қатынасты. Германияда, Швейцарияда, Түркияда, Оңтүстік Кореяда өткізілген ғылыми конференцияларда баяндама жасады.
Нәбижан Мұқаметханұлы 2008-2009 оқу жылында ҚазҰУ үздік оқытушысы болып бағаланса, 2009 жылы ҚР «Жоғарғы оқу орындарының үздік оқытушысы грантының» иегері болды. Оның есімі Республикалық Энциклопедияға, анықтамаға, сөздіктерге кірді. ҚазҰУ докторлық диссертация кеңестің мүшесі, кеңес төрағасының орынбасары, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің тарих ғылымдары бойынша докторлық кеңестің мүшесі. Республикалық Білім және Ғылым министрлігінде тарих ғылымдары бойынша сараптау кеңесінің мүшесі лауазымын атқарады.
Ғалым 1991 жылы Қытайда жүріп жазған мақаласында Абылай ханның Цинь ордасына ойрат-тотың жазуымен хат жазғанын зерттей келе, сол кезде Қазақ ордасында құжат жазу мәдениетінің қалыптасқанын дәлелдесе, Отанға оралған соң, Абылайтану ғылымының қалыптасуы мен дамуына айтарлықтай үлес қосты. Әсіресе Ежен ханның орда құжаттары мен күнделіктеріне сүйене отырып, Қазақ хандығының Цинь империясына вассал болмағандығын, яғни кейбір елдер сияқты салық төлеп, әскери борыш өтеуіне мәжбүр болмағандығын, ішкі-сыртқы қарым-қатынаста дербес саясат ұстанғанын дәлелдеп берді.
Нәбижан Мұхаметханұлы «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығы» аясында Қазақстандағы Қытайтану ғылымына сүбелі үлес қосқан ғалым. Еңбектерінде Қазақ-Қытай қарым-қатынасының негізгі мәселелерін ғылыми түрде тұжырымдаған. Қазіргі кезде Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасы туралы ғылми зерттеулерін отандық және халықаралық басылымдарда жариялап, конференцияларда баяндамлар жасап жүр. Бұл еңбектердің бәрі қазақ елінің Қытаймен бүгінгі және алдағы стратегиялық байланыстары мен Қазақстандағы Қытайтану ғылымының болашағы үшін таптырмас қазына болмақ.
Осы орайда Нәбижан Мұқаметханұлының бүгінгі мерей тойымен құттықтап, ұзақ өмір, зор денсаулық тілейміз. Қазақ елінің тарих және қытайтану ғылымына бұдан зор үлес, көптеген білікті шәкірттер сыйлаңыз деген тілегімізді білдіреміз.
Jebeu.kz