Нұр-Сұлтан қаласындағы «Назарбаев зияткерлік мектебінде» «Ұлы дала ұрпағы» атты жазғы мектеп жұмыстары аясында қазақ халқының дәстүрі мен рухани мәдениеті жайлы лекция өтті. Ұйымдастырылған шара барысында «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» мен «Отандастар Қоры» КЕАҚ-ның өкілдері ұлттық дәстүрдің мән-мағынасы туралы, Қазақстанның бай мәдени мұрасы туралы танымдық тұрғыда айтты. Қазақ әндері мен домбырасы туралы ҚР мәдениет қайраткері, Моңғолияның еңбек сіңірген әртісі Меруеш Башай әңгімеледі.
«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар Қоры» КЕАҚ көтерген шет елдердегі қазақтардың балаларына арналған «Ұлы дала ұрпағы» атты жазғы мектеп жобасы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Назарбаев зияткерлік мектебі» ұйымында алғаш рет іске асырылып отыр. Астанамызға Ресей, Иран, Моңғолия, Түркменстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстандағы қазақ диаспораларының 150 баласы жиналды.
10 Шілде күні жазғы мектептің салтанатты ашылуында Дүниежүзі қазақтарыныңқауымдастығы Төрағасының Бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың шет елдерде тұратын қазақ диаспорасы балаларының ана тілінде оқуына, білім алуына, тарихи отанымен мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарын арттыруға берген тапсырмаларына сәйкес осы жоспарлардың іске асырылып жатқандарын мәлімдеді. Сонымен қатар, өткен айда «Отандастар Қорымен» бірлесіп өткізген Еуропа қазақтарының Кіші Құрылтайы, халықаралық өнер фестивалі және әлемнің оннан астам мемлекеттерінен шақырылған талантты қазақ жастарын қатыстырылған «Қасиетті қазақ елі» дөңгелек үстелі туралы айтып берді. Мұнымен қоса алдағы Тамыз айында «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығында өтетін балалар Құрылтайына Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Иран және Германия елдеріндегі қазақ диаспораларының 288 баласы қатысады. «Шет елдерде тұратын қандастарымыздың ана тілі мен қазақтың ұлттық дәстүрі, әсіресе жас ұрпақ арасында сақталуына барынша қамқорлық жасау Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының басты міндеттерінің бірі болып саналады. Әлемдегі бар қазақты сақтау – ұлт идеясы болу керек!», - деп атап өтті Зауытбек Тұрысбеков.
Екі аптаға созылатын жазғы мектептің бағдарламасында ана тілін дамыту, Қазақстан тарихын оқыту, қазақ халқының әдет-ғұрып дәстүрімен таныстыру қамтылған. Балалардымұражайлар, тарихи орындардымен таныстырып, елордадағы алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарын аралау, ұлттық аспаптарды үйрету, қолданбалы және би өнеріне баулу, ұлттық тағамдарды дайындау сияқты шеберліктерге үйрету қарастырылған
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз қызметі